Cен Германияда оқып, білім аламын деп шештің, бірақ неден бастарыңды білмейсің бе? Сен белгілі бір агенттікпен байланысу үшін, интернеттегі толассыз парақшалардан ақпарат іздейсің, алайда, ең жақсысы қазір Германияда білімін шыңдап жүрген студенттерден тәжірибелері жайлы сұрау ең ұтымды шешім емес пе?
Германияда оқып жатқан немесе тағылымдамадан өткен, түрлі елден келген алты студент өздерінің тәжірибелері, кездескен қиындықтары мен жетістіктері, сәтсіздіктері мен жағымды сәттері жайлы онлайн форматта әңгімелеп береді. Әр спикер 10 минут ішінде өзінің әсерлі әрі пайдалы деректерімен бөліседі, содан соң қойылған сұрақтарға жауап береді.
Бұл жобаны Германия сыртқы істер министрлігі қаржыландырады.
Біздің спикерлер
Бартломе Иараджули – Менің атым Бартломе, Грузияданмын, жасым 19-да, Дортмундта тұрып жатқаныма бір жыл болды, мен мұнда „Германия университетіне жол“ бағдарламасы арқылы келдім.
Қазір Дортмунд техникалық университетінің экономика факультетінде 3-ші семестрдемін.
Мен салауатты өмір салтына және фитнеске көп көңіл бөлемін.
Германияда бірге оқыған достарым туралы айтып беремін: Иә-сөзінің сиқырлы күші жаңа достыққа жетелейді.
Саида Рустамбекова – Менің атым Саида, мен 20-жастамын. Мен Мюнхендегі Людвиг-Максимилиан Университетінде неміс тілін шет тілі ретінде 5-ші семестрде оқып жатырмын. Сабақтан басқа мен университетте зерттеу жұмысымен айналысамын және Мюнхендегі украиналық босқындарға неміс тілін үйретемін.
Мені аса қызықтыратын мәселе -ол шет тілін үйрену және оқыту саласындағы зерттеулер.
Менің айтайын дегенім, Германияға келгенде неміс тілі біліміңіздің деңгейі жоғары бола тұрса да тілдік қиындықтар болуы мүмкін. С2 – болса да үнсіз, теория мен тәжірибе, үміт пен ақиқат.
Отахон Рустамбеков -Менің атым Отахон, жасым 21-де. Мен Өзбекстаннан келдім, Лейпцигте 7-ші семестрде медицинаны оқудамын. Бос уақытымда мен волейбол ойнағанды ұнатам және тіл үйренуге өте құштармын. Сонымен қатар мен көптеген студенттік ұйым мүшесімін, мысалы EMSA (Студент-медиктердің Еуропалық ұйымы ), bvmd AG Austausch (Шетелдегі студент-медиктердің дүниежүзілік алмасуы) тағы басқалар. Мен студенттік қоғамдастықтардың біздің қоғамға етене араласуымызға қалай көмектесетіні жайлы, сонымен қатар, әлемді сәл де болса жақсартуға тырысатыны жайлы айтқым келеді.
Айнура Нуптыбаева – Мен Астанадан (Қазақстан) келдім, 21 жастамын. Мен "№ 46 мектеп-гимназияны" бітірдім және мектепте көптеген іс-шараларға белсене қатысып отырдым. 2019 жылы мен DAAD, ZfA мен Гёте-Институт ұйымдастырған Орталық Азиядағы MINT жаздық мектебіне қатысу мүмкіндігін алдым. Бұл тәжірибе менің гуманитарлық пәндерге деген қызығушылығымды арттырды және неміс тілін үйренуге өз әсерін тигізді.
Қазіргі таңда мен Гейдельберг университетінде медицина факультетінде 5-ші семестрда оқимын және қосымша студент-көмекші болып жұмыс жасаудамын.
Бос уақытта мен суда жүзгенді және жанұя мен достармен кездескенді жақсы көремін.
Менің тақырыбым – Алиса емтихан әлемінде: Алисамен бірге “Емтиханға дайындық” атты саяхатқа шығайық.
Елизавета Шпеер – Менің атым Лиза Шпеер. Мен педагогикалық факультет студентімін, ақпараттық технология маманымын, математика мен информатика мұғалімімін, блогермін және доберман итім бар. Жасым 25- те.
Менің қызығушылығым білім алу және педагогика. Бұл салаларды көптен бері армандап едім, енді ол орындалуда.
Мен аса маңызды тақырып қаржы туралы айтқым келеді: Университет калькуляторы және күнделікті студенттік математика – пәтер, тамақ, кештер... Студенттік өмір қанша тұрады?
Нилуфархон Пулотова – Мен-Нилуфархон, қысқаша- Нилу, мен 22 жастамын, Тәжікстаннан, Худжанд қаласынанмын.
Мен Худжандта ПАШ мектебін бітірдім және мектептен соң Германияға келдім. 2019 жылдан бері Ульмда тұрамын. Мұнда мен Ульмдағы клиника жанындағы медициналық мамандықтар Академиясында денсаулық пен медбике ісін кәсіби мамандық түрінде оқып жатырмын.
Мен жоғары білім алып, дәрігер болғым келеді.
Мен өзімнің Тәжікстаннан Германияға дейінгі жолым мен тәжірибем туралы айтқым келеді: Қамқорлық – жол мен мақсат.
Неміс тілін үйренуден бастауыңа болады. Әдетте неміс жоғары оқу орнында табысты оқу үшін сен неміс тілін тілді меңгерудің жалпы еуропалық нормаларына сай C1 деңгейінде білуге тиіссің. C1 арқылы сен лекцияларды тыңдап, жобалық жұмыстарды дайындап, бақылау жұмыстарын жаза аласың.
Тілдік сертификаттарға қатысты талаптар мамандыққа және университеттердің қабылдау шарттарына қарай әртүрлі болып келеді. Сондықтан да сенен талап етілетін тілдік сертификаттар туралы анық ақпаратты беретін ең сенімді көз сол университеттің өзі болып табылады.
Өзіңнің тіл деңгейіңді дәлелдеу үшін қандай сертификаттар болатындығын мына жерден көруіңе болады:
Кәсіптік білім алу үшін немесе штудиенколлегке (Studienkolleg) қабылдану үшін әдетте неміс тілінің B2 деңгейі жеткілікті.
Мектеп тәмамдай сала, белгілі бір неміс университетіне жол тартуға мүмкіндік беретін Гёте-Институттың «Неміс университетіне көпір» атты бағдарламасына қатысу үшін де B2 деңгейі талап етіледі. Ол бағдарламаға 11-сыныптың басында өтініш тапсыра аласың.
Құжаттарды тапсыру мерзімі жоғары оқу орны мен мамандықтарға байланысты алуан түрлі. Кемінде бір жыл бұрын университетті таңдап, оның қабылдау шарттарымен және қажетті құжаттар тізімімен таныса бергенің жөн. Неміс университетінде оқу қысқы семестрде (15 қазанда) немесе жазғы семестрде (15 наурызда) басталады. Қысқы семестрге құжаттар тапсыру мерзімі – 15.06 - 15.07, ал жазғы семестрге құжаттар тапсыру мерзімі – 15.01 - 15.02 аралығы.
Сен университеттің порталына тіркеліп, барлық қажетті құжаттарыңды сол жерге жүктеп қоюыңа болады.
Алғашқы қадамды мына сайтта бастауға болады: https://anabin.kmk.org/anabin.html
Бұл деректер базасы сенің өз еліңде алған біліктілігіңді (аттестаттарды немесе дипломдарды) бағалап, оны неміс білім жүйесіне тіркейді. Ол жерде сен өзіңнің бірден бірінші курсқа қабылдануға құқың бар ма әлде алдымен штудиенколлегте оқып алуға немесе белгілі бір пәндер бойынша өз еліңде екі семестрді бітіріп келуге міндеттісің бе деген мәселені анықтай аласың.
Сонымен қатар ол жерде өзің таңдаған университеттің өз штудиенколлегі бар ма немесе сен кез келген бір штудиенколлегке түсуге өтініш тапсыра аласың ба https://studienkollegs.de/ дегенді де анықтауға болады.
Сондай-ақ штудиенколлегке өтінішті университет арқылы ма, әлде тікелей тапсырасың ба дегенді де білуің маңызды. Өйткені құжаттарды тапсыру мерзімі дәл сол сұраққа қатысты болуы мүмкін.
Келесі бір маңызды мәселе – Германиядағы көптеген университеттердің шетелдік студенттермен uni-assist арқылы қарым-қатынас жасайтындығы. Аталмыш ұйым шетелдік студенттердің құжаттарын тексеріп, жөндейді. Құжаттар дұрыс болса, олар бағалану үшін университетке жіберіледі. Бұл сен құжаттарыңды uni-assist-ке 15.07 немесе 15.02 жеткілікті уақыт бұрын тапсырып қоюың қажет деген сөз.
Университетті таңдаудың өлшемшарттары өте дербес болып келеді. Дегенмен ең алдымен қандай университеттер мен институттарда (Fachhochschule) өзің қалаған мамандығыңа қатысты пәндерді оқи алатындығыңды тексеруің қажет болады. Бұл мәселеде саған Hochschulkompass деректер базасы көмекке келе алады.
Іздеу салу арқылы сен бұл жерден байланысу деректері мен вебсайттарымен бірге университеттер тізімін жасай аласың. Содан соң жиналған ақпараттар арқылы өзіңе сай келетін университеттерді таңдай аласың. Бірнеше университетке бірден өтініш жіберіп, шешімді шақырулар келіп жеткен кезде қабылдағаның абзал болмақ. https://www.studycheck.de/ сайтындағы басқа студенттердің ой-пікірлері де шешім қабылдар кезде көмек болуы мүмкін.
Барлық дерлік неміс университеттерінде студенттердің оқу пәндерін таңдаудағы еркіндіктері жоғары. Студенттер көптеген салада қандай пәндерді оқығысы келгеніне немесе қандай профессорлардан сабақ алғысы келгеніне қарай өздерінің дербес оқу жоспарларын құра алады. Студенттерден өз бетімен дербес жұмыс істеу, мотивация және жеке жауапкершілік көбірек күтіледі. Мысалға, әрбір студентке емтиханның келіп қалғанын немесе сол емтиханды тапсыру үшін оған белгілі уақыттан қалмай жазылу қажет екенін ескертіп отыратын куратор болмайды. Адам оқу жоспарын дайындап, қызықты семинарға немесе емтиханға дер кезінде жазылып, практикалық сабақтарды тауып дегендей барлығын да өз бетімен жасайды. Барша дерлік неміс университеттері өз студенттеріне оларға көптеген салалар бойынша қолдау көрсететін алуан түрлі бағдарламаларды ұсынады. Мәселен, ондай бағдарламалар қатарында студенттің университет өміріне кірігіп кетуіне себі тиетін жақын жерде орналасқан қалаларға ұйымдастырылатын саяхаттарды немесе соған ұқсас іс-шараларды атауға болады.
Неміс университеттерінде оқу ағылшын тілінде оқытылатын кейбір халықаралық немесе оқу уақыты оқу жоспарына қарағанда ұзағырақ болып табылатын оқу бағдарламаларынан басқа жағдайда жалпы алғанда ақысыз. Кейбір федералдық жерлерде, мәселен, Баден-Вюртембергте ЕО басқа елдерден келген шетелдік студенттер оқу ақысын төлейді. Сен оқу үшін төлеуге міндеттісің бе, жоқ па деген сұрақты тікелей өзің таңдаған университеттен біле аласың. Бұл тұста оқу ақысы мен семестр жарнасы (студенттер жарнасы) деген екі ұғымды ажырата білу керек. Семестр жарнасын қай елден келгеніне және академиялық жетістіктеріне қарамастан, барша студент төлеуге міндетті. Әр семестр үшін орташа баға 400 евро көлемінде. Ол әкімшілік жарналары мен студенттерге арналған әртүрлі әлеуметтік жеңілдіктерді қамтиды.
Студенттік визаны беру үшін жыл бойы өмір сүруге 11 208 евро қажет деген есеп жасалған. Мұнда студент барша шығындарын өтеу үшін айына 934 евро жұмсайды деп есептеледі. Шығындар қаласына, тұратын орнына және адамның өмір сүру салтына сай әртүрлі болып келеді. Мәселен,
тұратын орынға орташа есеппен 253-720 евро,
азық-түлікке 171-245 евро,
көлік құралдарымен жүріп-тұруға 74-149 евро,
киім-кешекке 30-67 евро, телефон мен ғаламтор үшін 29 евро көлемінде,
оқу материалына 20-90 евро,
медициналық сақтандыруға 96-115 евро,
мәдени және спорттық іс-шараларға 24-91 евро,
және семестрлік жарнаға орташа есеппен 400-500 евро кетеді.
Неміс университетіне оқуға түскенге дейін оқуды қаржыландыратын стипендия табу мүмкіншілігі жоқтың қасы. DAAD (Неміс академиялық алмастыру қызметі) жыл сайын DSD-мектептеріне (неміс тілін тереңдетіп оқытатын және тілдік диплом алуға мүмкіншілік ұсынатын мектептер) арнап неміс университетінде толық оқып шығу үшн стипендия / грант жариялайды. DAAD арқылы сондай-ақ Германияда магистратурада оқуға стипендия алуға арналған өтініш тапсырып көруге болады.
Ал бірнеше семестрді оқып бітірген адам үшін дарынды студенттерге қолдау көрсететін қорлардың стипендияларына өтініш тапсыруға мүмкіндік пайда болады. Сенің университетің немесе сенің мамандығың бойынша қолдау көрсете алатын қорлар туралы ақпаратты өз факультетіңнің әкімшілігінен ала аласың.
Германияда студенттерге оқу кезінде аптасына көп дегенде 20 сағат жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Лекция жоқ кездерде одан да көбірек жұмыс істеулеріне болады. Айына 520 евро көлеміндегі кіріс салықтар мен қосымша медициналық сақтандыру шығындарынан босатылған. Шетелдік студенттерге жылына 120 күн толық жұмыс күні немесе 240 күн жартылай жұмыс күні жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Егер сен одан да көбірек жұмыс істегің келсе, өзің тұрған қаланың жұмыспен қамту агенттігі (Agentur für Arbeit) мен шетелдіктер мекемесінен (Ausländerbehörde) рұқсат алуың қажет. Егер тіл курсына немесе штудиенколлегке барып жүрген болсаң, сен тек қана рұқсат алу арқылы және демалыс кезінде ғана жұмыс істеуге құқың бар. https://www.study-in-germany.de/de/deutschland/studienalltag/nebenjob/
Студенттерге тұратын орын табу мәселесі әр аймақта әртүрлі. Ең қиын жерлер – Батыс Германияның үлкен қалалары мен классикалық университеттік қалалар. Сондықтан да университетті таңдап алған соң бірден тұратын орын іздеуге кіріскенің абзал. Алғашқы көмекші – университеттің өзі, саған студенттер ұйымы (Studentenwerk) қажетті мәліметтермен қол ұшын созады: https://www.studierendenwerke.de/deutsches-studentenwerk/studentenwerke/studierendenwerke-a-z/landkarte
Студенттер жатақханасының бөлмесі – ең пайдалы мүмкіншілік. Жатақхана бөлмесінің бағасы айына шамамен 280 евродай шығады. Бұл мүмкіншіліктің тағы бір артықшылығы – жатақханалардың тікелей кампуста немесе университетке жақын жерде орналасқан, жиһазбен жабдықталған болуы және ғаламтор желісінің барлығы. Тағы бір маңызды мәселе – жатақханалардың бір университетке байланбайтындығы. Яғни, бір жатақханада әртүрлі университетте оқитын студенттер бірге тұра алады. Жатақханалардың іс-шаруасын бұқаралық қорлар, шіркеулер немесе басқа да ұйымдар басқарып, жүргізеді.
Жатақханалардың сыртында көптеген студенттер Wohngemeinschaft (WG) деп аталатын тұратын орынды таңдайды. WG-ден бөлмені университеттің әлеуметтік желілері, хабарламалар тақтасы немесе ғаламтор арқылы таба аласың. Мұнда бірнеше сілтеме:
WG-бөлмеге қол жеткізу үшін WG тұрғындарымен кездесіп, сұхбат жасауың қажет болады. Олар содан кейін барып, сені WG-ге ала ма, жоқ па деген мәселені шешеді.
Жеке пәтер – ең қымбат мүмкіншілік. Тұратын орын іздеген кезде сен жоғарыда аталған барлық құралдардың көмегіне жүгінуіңе болады.
Германияда әрбір адам кәсіптік оқу оқи алады. Десе де, ЕО басқа елдердің азаматтарына қойылатын қосымша талаптар барын ескеру керек, мысалға, бұрынғы оқуға қатысты құжаттарды аудару мен бекіту, тіл деңгейінің кемінде B1 және визаның болуы. Бұл талаптарды орындау үшін көмегіне жүгінуге болатын ресми кеңселер болады. Кәсіптік оқуға барғың келген федералды жердің құжаттарды танып, қабыл алу мекемесіне бұған дейінгі оқуыңды дәлелдеу үшін өтініш тапсыруың қажет болады. Аталмыш мекемені мына сілтеме бойынша таба аласың: https://anabin.kmk.org/anabin.html
Ал https://www.ausbildung.de сілтемесі арқылы саған кәсіптік оқу ұсынатын компания іздеп, табуыңа болады. Егер қандай да бір компания келісім берсе, саған Федералды жұмыспен қамту агенттігінің рұқсаты қажет болады.
Федералды жұмыспен қамту агенттігі алдымен сол орынға Германиядан немесе басқа да ЕО елдерінен талапкерлер жоқ па деген сұрақты анықтайды. Бұл үдеріс басымдылықты тексеру деп аталады. Бұл тексеру кәсіпорында / компанияда кәсіп үйрену үшін ғана қажет, ал әңгіме оқу орны туралы болса, қажет емес.
Виза алу үшін адам сонымен қатар оқуға кететін барша уақытқа жеткілікті қаражаты бар екендігін де дәлелдеуге тиіс.
Саған айында кемінде 903 евро қажет болады (2024 жылғы есеп).
Кәсіптік оқу үшін банкте ашылған жабық шот дәлел бола алады. Ал егер кәсіпорында / компанияда оқып-үйренсең, алатын жалақың дәлел болады. Келешекте кәсіпорында оқуың үшін алатын сыйақың жеткіліксіз болса, айырмашылықты банктегі қосымша жабық шот арқылы теңгеруіңе болады: Visum zum Absolvieren einer Berufsausbildung (make-it-in-germany.com)
Неміс компаниясында кәсіптік оқуда болсаң, онда виза үшін қажетті медициналық сақтандыру сенде автоматты түрде пайда болады. Кейбір федералды жерлерде жұмыс күшін тарту үшін арнайы бағдарламалар ұсынылады және олар әдетте сауда-өнеркәсіптік палаталар құзырында болады, мәселен, Handwerkskammer (HWK) және Industrie- und Handelskammer (IHK). Мысалы, Қазақстанда Тюрингия қолөнер саласында кәсіптік білім алушылар мен мамандарға арналған CRAFT жобалық жұмысы бар: https://www.hwk-erfurt.de/artikel/craft-4,0,1942.html